Тихон Варехин Азия ойындарының финалына жолдама алды

«Жартылай финалға жоспарлағанымның бәрін іске асырдым. Кедергілер жолында қалағанымды жасадым. Тек сақиналарда тәуекелге бармауды жөн көрдім, ұпайым мен позициямды сақтағым келді», — деді Варехин.
Спортшының айтуынша, жүзуден жеке рекордын көрсете алмаса да, жалпы алғанда бәрі жақсы өтті. Ал ыстық әрі ылғалды ауа райы лазер-ран кезеңін қиындатқан.
«Лазер-ран бұл жолы қиынға соқты. Өте ыстық, тынысты қысатындай ылғал болды. Соңғы күшіммен жеткендей болдым. Бірақ бәрі сәтті аяқталды», — деді ол.
Варехин финалға шыққанына риза екенін жасырмады: «Финалға шыға алғаныма қуаныштымын. Әрі қарай да тырысамыз. Шешуші сынға барынша дайындалып, толық күшпен өнер көрсетемін», — деді спортшы. Оның сөзінше, көп нәрсе кедергілер жолындағы элементтерге байланысты болмақ, тактика сол трассаға қарай таңдалады.
Ер адамдар арасындағы бессайыстың финалы 20 қыркүйекте өтеді.


