«Арсенал» 17 жастағы грузин шабуылшысымен келісімге келді
Бартишвили шеткі шабуылшы немесе шабуылдаушы жартылай қорғаушы позициясында ойнайды. Ол Грузияның 21 жасқа дейінгі құрамасының ойыншысы, бұған дейін 16, 17, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасында да елін қорғаған.
«Кольхети 1913» клубынан жалдау шартымен «Иберия 1999» құрамында ойнап жүрген жасөспірім қаңтардан бері ұлттық лигада 2 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді. «Кольхети» екінші дивизионға түсіп кеткеніне қарамастан, Бартишвили лиганың 17 жасқа дейінгі үздік ойыншысы атанды.
Ол — Тбилисидегі «Динамо» академиясының түлегі. Дәл осы академиядан бір кездері Хвича Қварацхелия да футболға жол ашқан.
«Арсеналдағы» барлығымыз Андрианың келесі жазда келуін асыға күтеміз және оның «Иберия 1999» құрамындағы қалған маусымда сәттілік тілейміз», — делінген клубтың мәлімдемесінде.


