Капацина: «Оқжетпеске» алтын үшін жеңіске барамыз

Румын футболшысының айтуынша, 24-турда өткен кездесу есепке қарамастан жеңіл болмаған. «Ойын ауыр болды. 3:0 есебіне қарамастан жеңіс оңай болған жоқ, себебі «Қызылжарда» жақсы команда мен күшті футболшылар бар. Бірақ біз үш ұпайға өте қуаныштымыз — бұл біз үшін ең маңыздысы, өйткені біз чемпион атағы үшін күресіп жүрміз», — деді Капацина.
Ойыншы келесі кездесудің де оңай болмайтынын алдын ала ескертті. «Келесі ойынды «Оқжетпеске» қарсы қонақта өткіземіз. Әрине, кеше ғана матчты аяқтап, сәл қуанып та үлгердік, бірақ бүгіннен бастап барлық ойымыз «Оқжетпесте». Бізді жасанды газоны бар, қарсыласқа шағын артықшылық беретін күрделі кездесу күтіп тұрғанын білеміз. Бірақ біз алтын үшін күресті жалғастырғымыз келгендіктен, ол жерге жеңіс үшін барамыз», — деді ол.
24-турдың алғашқы ойын күнінен кейін «Ордабасы» 23 матчта 55 ұпай жинап, чемпионат кестесін бастап тұр. Ал «Оқжетпес» 23 кездесуде 39 ұпаймен төртінші орында келеді. Екі команданың 25-турдағы кездесуі 5 қыркүйекте Көкшетауда өтеді.


