Сәтпаев «Бёрнлиде» Флеммингпен орын таласады — The Standard бағалауы
Сәтпаев ағылшын клубына «Челсиден» жалдау шартымен қосылды. Ол бұған дейін «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, 58 матчта 26 гол соғып үлгерген. Сондай-ақ жас шабуылшының Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнаған тәжірибесі бар.
«Бұл маусымда Сәтпаев «Бёрнлидің» шабуыл сызығында Зиан Флеммингпен бәсекелеседі. Оның әмбебаптығы қанатта немесе 3-4-2-1 схемасындағы «ондық» позициясының бірінде ойнауға мүмкіндік береді», — деп жазды The Standard басылымының шолушысы Оли Джент.
Оның айтуынша, дәл осы схеманы бапкер Ники Хайен Ағылшын лигасы кубогының бірінші айналымында «Ноттс Каунтиге» қарсы кездесуде қолданған. Сол матчта «Бёрнли» 11 метрлік доптар сериясында жеңіске жеткен. Ол кездесуде Флеммингтің қос қапталында Маркус Эдвардс пен Аарон Рэмзи бастапқы құрамда шыққан, ал екінші таймда оларды Майк Трезор мен Зеки Амдуни алмастырған. «Бёрнли» жеңіс әкелетін гол іздегенімен, оны соға алмаған.
«Бёрнли» қазір Чемпионшипте өнер көрсетеді.


