«Ордабасы» өкілі: трансфер шешімін ChatGPT арқылы талдаймыз

«Білесіз бе, біз қазір футболшыны трансферге алар алдында оны жасанды интеллектке саламыз. Шынымен де... тіпті бапкерлердің өздерінің қымбат тұратын бағдарламасы бар, ол да бірдеңе бағалайды. Ал біз кейде жай ғана ChatGPT-ге тастаймыз, тіпті Claude-қа емес, сол жерден ойыншы туралы керемет талдау шығады: оған не жетпейді немесе ол командаға қалай сәйкес келеді», — деді Әлібеков.
Оның айтуынша, клуб бапкерлерінің ойыншыларды бағалауға арналған арнайы қымбат бағдарламалары да бар, бірақ жасанды интеллект те жиі көмекке келеді.
Бұған дейін осыған ұқсас жағдай ресейлік «Сочи» клубында орын алған. Клубтың бұрынғы функционері Андрей Орлов бапкер Роберт Мореноны ChatGPT-ті шектен тыс пайдаланды деп айыптаған. Оның сөзінше, Морено Wyscout деректерін үш шабуылшы — Писарский, Мелешин және Шушеначев бойынша чат-ботқа жүктеген. Жасанды интеллект фаворит ретінде Артур Шушеначевті атаған.
Алайда клуб сатып алғаннан кейін Шушеначев 10 матч ойнап, бірде-бір гол соқпаған.


