Шадиев: Сатпаевқа «Челси» сапында орын алу оңай болмайды
Сатпаев «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы кездесуде негізгі құрамда бастап, гол соқты — матч 6:4 есебімен аяқталды. «Тоттенхэмге» қарсы ойында ол ауыстырудан шықты, кездесу 1:2 есебімен түйінделді. «Ювентуспен» өткен матчта да Сатпаев ауыстырудан алаңға шықты, бұл кездесу 0:1 есебімен аяқталды.
Шадиевтің бағалауынша, жас шабуылшының өнер көрсетуі барша қазақстандық футболшыға серпін берді.
«Дастан Сатпаев барша қазақстандық ойыншыға серпін берді. Ол футболда бәрі мүмкін екенін көрсетті. Жастар өздерінің де әлемнің үздік клубтарында ойнай алатынына сенді», — деді Шадиев.
Алайда сарапшы «Челсидегі» бәсекенің жоғары екенін атап өтті.
«Қазір Дастанға негізгі құрамға ену қиынға соғады. Онда бәсеке өте жоғары. Оның позициясында ондаған миллион долларға сатып алынған футболшылар ойнайды. Сатпаевқа даму үшін, ең алдымен, ойын тәжірибесі қажет. Егер ол мұны «Челсиде» ала алмаса, жалға беру нұсқасын жоққа шығармаған жөн», — деді Шадиев.
Сатпаев — Қазақстан құрамасының шабуылшысы.


