«Қайрат» пенальти сериясында «Омонияны» жеңіп, үшінші раундқа шықты
22 шілдеде Лимасолда өткен алғашқы матчта «Омония» ең аз есеппен жеңіске жетті. Кездесудің 34-минутында «Қайрат» қорғаушысы Лоик Него қызыл карточка алып, командасы қалған уақытта кем санмен ойнауға мәжбүр болды.
Жауап сапарда да күрес қызу өтті. Кездесудің бірінші таймында «Омония» шабуылшысы Андроникос Какулис тікелей қызыл карточка алды. Үзіліске дейін Эдмилсон гол соғып, «Қайрат» есепті теңестірді. Екінші таймда Марк Гуальдің добы қақпа ағашына тиіп қайтты.
Негізгі және қосымша уақытта бар болғаны бір гол соғылды, сондықтан жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Қақпашы Темірлан Анарбеков серияда екі соққыны қайтарып, «Қайраттың» жеңісіне жол ашты.
Осылайша алматылық клуб іріктеудің үшінші раундына шықты. Бұл кезеңде оның қарсыласы болгариялық «Левски» мен румыниялық «Университатя» кездесуінің жеңімпазы болмақ. Осы жұптың алғашқы матчында «Левски» «Университатяны» 1:0 есебімен жеңген болатын.
Үшінші раундтың алғашқы кездесулері 4–5 тамызда, жауап матчтары 11–12 тамызда өтеді.


