Ғалымжан Кенжебек Грозный «Ахматының» жаңа формасын таныстырды
Негізгі форманың эскизі Шешен Республикасының еңбек сіңірген суретшісі Рустам Яхихановтың қаламынан туған. Киімде күзет мұнаралары бейнеленген, сондай-ақ өңірдің сәулет және мәдени нышандары көрініс тапқан. Ал екінші форма клубтың дәстүрлі ақ-жасыл түсінде жасалып, шешен тау жоталарын елестететін өрнекпен безендірілген.
Ресей премьер-лигасының 2026 жылғы жаңа маусымы 26 шілдеде басталады. «Ахмат» бірінші турда қонақта Мәскеудің «Локомотивімен» кездеседі.
23 жастағы Кенжебек «Ахматқа» 2026 жылдың қаңтарында ауысқан. 2025-26 маусымының екінші бөлігінде ол жеті матч өткізіп, бір гол соққан. Оған қоса, клуб сапында тағы бір қазақстандық — Максим Самородов ойнайды.
Кенжебек бұған дейін «Елимай», «Жеңіс», «Мақтаарал» және «Қайрат» құрамында өнер көрсеткен, сондай-ақ кипрлік «Акритес» пен словакиялық «Кошице» клубтарында ойнаған. 2024 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында 11 матч өткізіп, үш гол соққан.


