Зульфикаров: Ұлттық құрама намысын қорғау — балалық арманым

25 жастағы шабуылшы Сан-Марино мен Словенияға қарсы шешуші іріктеу кездесулері алдында өткен екі апталық жиынды жылы еске алды. Сол жиында ол жастар құрамасына (U-21) қарсы бақылау матчында гол соққан.
«Екі апталық жиынға қатысып, жаттығу процесін өз көзіммен көрдім. Мағомед Мусаевич — өте қарапайым адам. Оның жаттығулары, командадағы ахуал, қарым-қатынас мәнері — бәрі жоғары деңгейде болды. Алғашқы күндері қиын болды, бірақ бірнеше күннен соң көптеген жігіттермен ортақ тіл таптым», — деді Зульфикаров.
Ағымдағы маусымда ол ұлттық құрамаға шақырту алмады. Зульфикаров маусым ортасында «Ұлытау» құрамына қосылып, осы уақытқа дейін 12 матчта 5 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
«Ағымдағы маусымда құрама тарапынан қызығушылық болмады. Қалған төрт матчта командама барынша көмектесуге тырысамын, сонда көрсеткіштерім де жақсы болады деп сенемін. Ұлттық құрама намысын қорғағым келеді, бұл — балалық арманым. Шақырту алсам, өзімді жақсы жағынан көрсетуге тырысамын», — деді ойыншы.


