Мбаппе Nike-тен бас тартып, швейцариялық «On» брендінің жүзі болды

Мбаппе бұған дейін Nike-тің Mercurial бутсаларын киіп келген. Жаңа келісім бойынша ол «On» брендінің өнім жасау командасымен тікелей жұмыс істейтін болады.
«Басынан бастап мені «On» брендіне тартқан нәрсе — футболдың болашағын бірге қалыптастыратын мүлдем жаңа дүние жасау мүмкіндігі болды. Мен өз тәжірибем мен көзқарасымды осы жерге алып келгім келеді. Бізде ортақ арман бар, бұл — тек бастамасы», — деді Мбаппе.
«On» бренді 2010 жылы жүгіру аяқ киімін шығаратын компания ретінде құрылған. 2019 жылы теннисші Роджер Федерер компания үлескерлерінің біріне айналды. Ал енді «On» футбол бағытын дамытып отыр: компания Тьерри Анриді футбол жөніндегі директор етіп тағайындады.
«Футболға тағы бір спорт киімі бренді қажет емес, футболға жаңа идеялар мен мүмкіндіктер қажет. Килианның тұлғасында бізде футболдың қандай болатынын армандауға тамаша серіктес бар», — деді компанияның негізін қалаушы Дэвид Аллеманн.
«Соңғы бір жыл ішінде «On» командасының қызығушылығы мен мұқияттылығын өз көзіммен көрдім. Ойыншыларды тыңдап, олардың неге мұқтаж екенін түсінгіміз келеді», — деді Анри.
Бренд футбол бағытында тағы бір есіммен жұмыс істейді — 2025 жылдан бері «On»-мен бірге жұмыс істеп жүрген Сидни Шертенлейб футбол өнімдерін дамыту және сынау үдерісіне қатысады. «Мен допты бұл команда жасап жатқан өнімдегідей ешқашан сезінбеген едім», — деді ол.
Еске сала кетейік, Мбаппенің Nike-пен қоштасуы жалғыз оқиға емес: бұған дейін Ламин Ямал да Nike-тен Adidas-қа ауысқан.


