Исламхан: Ұлттық құрамаға оралғаныма қуаныштымын
Исламханның құрама сапындағы соңғы матчы 2024 жылдың 17 қарашасында өткен. Ұлттар лигасында Норвегиямен кездесуде Қазақстан 0:5 есебімен ұтылған, ойыншы сол матчта екінші таймда ойынға қосылған болатын.
«Ең алдымен, оралғаныма қатты қуаныштымын. Сенім артып, шақырғаны үшін бапкерлер штабына рақмет айтамын», — деді Исламхан.
Оның айтуынша, жарақат кезінде де құрамаға қайта оралғысы келетінін жиі айтқан. «Бүгін маған тағы шақыру келді, тағы бір мүмкіндік берілді. Осы мүмкіндікті толық пайдалануға тырысамын», — деді ол.
Сонымен қатар жартылай қорғаушы жас ойыншылардың басқа чемпионаттарда ойнай бастағанына қуанышты екенін жеткізді. «Жақсы деңгейдегі ойыншыларымыз көбейіп келеді. Мен ағалық тәжірибемді бөлісіп, оларға көмектесуге тырысамын. Олардың ісі жақсы жүрсе, құрамамыздың да ісі жақсы болады», — деді Исламхан.
2012 жылдан бері құрама сапында 56 матч өткізген Исламхан 4 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.


