Куадрадо 17 жылдан кейін Еуропамен қоштасып, туған еліне оралды

«Мильонариос» баспасөз қызметі трансферді жариялап, футболшыны құттықтады. «Әлемдік футболдың ең маңызды сахналарында ойнаған Хуан Гильермо Куадрадо Колумбияға оралып, «көк-ақ» түсті киеді және «Мильонариостағы» жаңа тарауын бастайды», — делінген клубтың хабарламасында.
Куадрадо кәсіби мансабын «Индепендьенте Медельин» құрамында бастаған. 2009 жылы итальяндық «Удинезеге» ауысып, кейін «Лечче» мен «Фиорентина» сапында да өнер көрсетті. Футболшы «Челси» құрамында екі маусым өткізіп, 2014-2015 жылғы Премьер-лига чемпионы атанды.
2015 жылдың жазында «Ювентусқа» ауысқан колумбиялық сол клубта жеті жыл өнер көрсетті. Осы аралықта ол Серия А-да бес рет, Италия кубогында төрт рет чемпион атанып, Италия Суперкубогын екі мәрте жеңіп алды. Мансабында сондай-ақ «Интер Милан», «Аталанта» және «Пиза» формасын киген.
Куадрадо Колумбия құрамасында 2014 жылғы Бразилиядағы және 2018 жылғы Ресейдегі әлем чемпионаттарына қатысып, бес рет Копа Америка турнирінде ойнады.
«Мильонариос» — Колумбия футболындағы «Атлетико Насьоналдан» кейінгі ең сәтті клуб. Келісімнің қаржылық шарттары жарияланбады.


