Оксанен: Бізге ұлттық чемпионат бәрінен маңызды

Кездесудің 20-минутында Лев Кургиннің пасынан кейін есепті бразилиялық Эдмилсон ашты. Екінші таймда испандық Марк Гуаль айырманы екі еселесе, 86-минутта Азамат Тұяқбаевтың пасынан кейін португалдық Луиш Мата үшінші голды соғып, түпкілікті есепті бекітті — 3:0.
Бұл жеңістен кейін «Қайрат» маусымның аяқталуына алты тур қалғанда турнир кестесінің басына шықты. Команда шымкенттік «Ордабасыдан» екі ұпай ілгері тұр. Қалған алты кездесудің төртеуін «Қайрат» өз алаңында өткізеді, ал «Ордабасының» үйде өтетін матчы — небәрі екеу.
«Команда қазір жақсы жағдайда, соңғы кездесулерде бірнеше рет жеңіске жеттік, барлық жігіт өз ісін мінсіз атқарып жүр. Біз үшін ең маңыздысы — чемпионат. Титул жеңіп алсаң, келесі жылы еуропалық кубоктарға жолдама аласың. Ұлттық турнир әрқашан басым бағытымыз болып қала береді», — деді Оксанен.
Бапкер Конференциялар лигасындағы жеребе нәтижесіне де тоқталды. «Жеребе нәтижесіне ризамыз. Кейбір матчтар ауыр болады, ал басқаларында нәтижеге жетуге шамамыз жетеді. Қазір ойындар бірінен соң бірі өтіп жатыр, ойлануға уақыт жоқтың қасы. Үш күн демалып, содан кейін «Тоболмен» кездесуге дайындала бастаймыз, артынан «Астанамен» ойнаймыз. Одан кейін үлкен халықаралық үзіліс күтіп тұр. Соңғы кезде көп матч өткіздік, бұл үзіліс бізге тек пайдалы болады. Ал алда — маусымның шешуші кезеңі», — деді ол.
«Қайрат» кезекті матчында 13 қыркүйекте өз алаңында қостанайлық «Тоболды» қабылдайды.


