Артета, Алонсо және Ираола — үшеуі де бір шағын клубтан шыққан

Материалда атап өтілгендей, үш бапкер де бір-бірінен небәрі 15 мильдей қашықтықта дүниеге келген, ал жас айырмашылығы — тек жеті ай. Артета мен Ираола «Антигуокода» 1982 жылғы буында ойнаса, Алонсо бір жас үлкен — 1981 жылғы буында бақ сынаған.
Клубтың көп жылдан бері бапкері әрі вице-президенті болып жүрген Роберто Монтьель сол кездегі алаңды әлі есінде сақтайды: «Ортаңғы шеңбер дәл сол жерде болатын», — дейді ол. Оның айтуынша, ол кездегі алаң қазіргі жасанды жамылғылы алаңдар сияқты емес, шағын әрі майда тас төселген болған: «Доптар да қазіргідей емес еді. Жаңбыр жауса, олар ауырлап кететін. Сырғанап құлап, жаман сызат түсіретінсің».
Соған қарамастан, жас Артета мен Ираоланың ойын көрегендігі сол кездің өзінде көзге түскен. «Тіпті сол майда тас алаңда, жаңбыр астында, су шалшығының үстінде доп жүргізгенде де олардың ойынды сезінетінін көруге болатын еді. Шынымды айтсам, оны көру ерекше нәрсе болды. 81-ші және 82-ші буынның командалары керемет еді», — деп еске алады Монтьель.
Артетаның сол кездегі жақын досы, командадасы Альваро Парра өз буынын «аймақтың ең мықты ойыншылары жиналған құрама» деп сипаттайды. «Бұл бізді жеңілмейтін командаға айналдырды», — дейді ол.
Парраның айтуынша, «Реал Сосьедадпен» кездескенде де оларды жеңу қиынға түспеген: «Олар бізге қарсы ойнауға келді, біз оларды 5:0 жеңдік. «Атлетик Клуб» келгенде де солай болды. Біз барлық лигаларды жеңіп алдық. Команда «Баск арман командасы» ретінде танылды».
«Антигуоко» түлектерінің қазіргі клуб мекені Сан-Себастьяндағы Берио ауданында, жасыл төбешіктер арасында, ақ тұрғын үйлер мен жасанды жамылғылы алаңның қоршауында орналасқан. Sky Sports мәліметінше, Артетаның «Арсеналы» жексенбіде Алонсоның «Челсиімен» кездесуге тиіс болған.


