Кол Палмер: Жарақат мені әлем чемпионатынан алып қалды

2025-26 маусымда шап аймағындағы жарақат Палмердің ойынына кесірін тигізді: тамыз бен желтоқсан аралығында ол небәрі екі рет қана алаңға шықты. Соған қарамастан, ол Англия премьер-лигасында 10 гол соғуға үлгерді, дегенмен маусым соңындағы сегіз матчта бар-жоғы бір-ақ гол соқты.
«Физикалық жағынан жақсы сезінемін, тіпті бұрын-соңды болмаған деңгейде жақсымын. Дегенмен матчтар мен минуттар көбейген сайын жағдайым тағы жақсара түседі деп ойлаймын», — деді Палмер.
Футболшы бұған дейін сирек жарақат алатынын, сондықтан денсаулығына жеткілікті мән бермегенін жасырмады. «Бұрын сирек жарақаттанатынмын. Сол себепті жарақат алған кезде де, ойнамауым керек болса да, ойнап жүрдім», — деді ол.
Әлем чемпионатының алда тұрғанын еске алған Палмер өзін дилемма алдында сезінгенін айтты: «Ойнамасам — құрамаға шақырылмаймын, ал ойнасам — толық күшпен ойнай алмаймын. Бұл — қиын жағдай болды. Оны қалай шешерімді білмедім, түрлі мамандарға барып, жарақатымның себебі туралы әр түрлі пікір естідім», — деді футболшы.
Нәтижесінде Палмер Англия құрамасының әлем чемпионатына арналған тізіміне енбей қалды. «Оралғаннан бері мұның қайталанбауы үшін күн сайын жұмыс істеп жүрмін. Жарақатсыз болғым келеді, ал алаңда болсам, не істей алатынымды өзім білемін», — деп қорытты ол.
Еске сала кетейік, Палмер «Челсиде» бұған дейін Энцо Мареска мен Лиам Розеньордың басшылығымен ойнаған, ал қазір клубты Хаби Алонсо басқарады.


