«Барселона» Испания полициясының күш қолдануын айыптады

Кездесу «Мануэль Мартинес Валеро» стадионында өтіп, «Барселона» қонақта 5:0 есебімен ірі жеңіске жетті. Кездесуде Рафинья мен Фермин Лопес екі-екіден гол соғып, ал Карим Адейеми клуб құрамындағы дебютінде мергендік танытты.
Матчтың бірінші таймында Гавидің тізесі зақымданды. Дүйсенбіде жүргізілген медициналық тексеру бұл көгеру ғана екенін растады. «Бүгін таңғы медициналық тексеру бұның жай көгеру екенін көрсетті. Алаңдауға негіз жоқ, ол жақын арада жаттығуларға оралады», — делінген клуб мәлімдемесінде.
Алайда клубтың басты мәлімдемесі стадион маңында болған оқиғаға қатысты болды. Матч алдында полиция «Барселона» жанкүйерлерінен «Эстелада» туларын тәркілеп, оларға қарсы дубинка қолданған. «Эстелада» — Каталонияның тәуелсіздігін жақтаушылармен байланысты ту.
«Барселона» «Эльчеге» қарсы матч алдында стадион маңында орын алған оқиғалар кезінде жанкүйерлерге қатысты күш қолданудың шектен шығуын айыптайды», — делінген клуб мәлімдемесінде. «Атап айтқанда, клуб бір жанкүйерімізді ұстау рәсімі шектен тыс болғанын, күш қолданудың қажетті негіздемесі мен орындылығы болмағанын есептейді», — деп қосты клуб. Сондай-ақ «Барселона» «Эстелада» туы заңды түрде танылған рәміз екенін және оны көрсету сөз бостандығының заңды көрінісі болып табылатынын, сондықтан оны өз алдына жеккөрушілік пен зорлық-зомбылыққа шақыру деп санауға болмайтынын атап өтті.
Оқиға саяси реакция тудырды. Каталонияның тәуелсіздікті жақтайтын негізгі оппозициялық партиясы Junts жетекшісі Карлес Пучдемон бұл жағдайды каталон бірегейлігіне қатысты жүйелі жеккөрушілікпен байланыстырды: «Оларда каталон болмысына деген терең, жүйелі жеккөрушілік бар. Бұл дерт қоғамның ең жоғарғы эшелонындағы адамдардан бастап футболшыларға, төрешілер мен журналистерге дейін тарайды. Дені сау қоғамда бұған төзуге болмас еді. Испанияда бұл — қасиет саналады». Испания конгресіндегі Junts фракциясының жетекшісі Мириам Ногерас одан да қатаң пікір білдірді: «Бұл жануарлар жауап беруі керек».


