Бельгия БАҚ-ы: «Андерлехт» «Қайратты» бір аяқпен басып өтпейді
Екі команда Еуропа лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін бақ сынайды. Алғашқы матч Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Бельгиялық журналист «Қайратты» байыпты қарсылас санайды.
«Қысқасын айтқанда, негізгі кезеңге шығу үшін бұл — әбден қолайлы нұсқа. Бірақ «Андерлехт» «Қайратты» бір аяқпен басып өтеді деген көңіл күйден мүлдем алыспыз», — деді Калькоэн.
Ол «Қайраттың» Чемпиондар лигасының іріктеуінде ойнағанын еске алып, «Левскимен» матчтардағы ойынынан әсер алғанын жасырмады.
«Мен «Қайраттың» «Левскимен» матчтарының кейбір сәттерін көрдім. Шынымды айтсам, мен дәл қазақстандық клубтың жеңісін күткен едім. Мен үшін «Қайраттың» жарыстан шығып қалуы — шағын сенсация болды», — деді ол.
Журналист алматылықтардың ойынына Дастан Сәтпаевтың кетуі мен Жоржиньоның жарақаты әсер еткенін айтады. Дегенмен бұл факторларсыз да «Қайрат» «Андерлехтке» көп қиындық тудыруға қабілетті деп есептейді.
«Меніңше, екі матчтық қарсыласуда ұтылмау — жақсы нәтиже болады. «Қайраттың» өз алаңында жақсы ойнайтынын білемін, олар әрдайым дерлік күш позициясынан ойнайды», — деп қорытындылады Калькоэн.
Айта кетейік, «Андерлехт» Қазақстанға ұзақ сапармен келді — клуб тарихындағы ең ұзақ ұшу шамамен 9 сағатқа созылды. Сондай-ақ брюссельдік клуб «Гертадан» Мартен Винклерді сатып алған.


