ҚФФ Мамоновты бөтелке лақтырғаны үшін 4 матчқа шеттетті

Ең қатаң жаза «Оқжетпес» бас бапкерінің көмекшісі Денис Мамоновқа қолданылды. Ол «Астанаға» қарсы өткен 21-тур матчында төрешіге қарай бөтелке лақтырып, спортқа жат мінез-құлық танытты деп танылып, 4 матчқа дисквалификацияланды. Жаза 10 тамыздан бастап күшіне енді.
«Оқжетпес» клубы да жазаланды: «Астанамен» кездесуде төрт футболшының ескерту алуы және бапкер көмекшісінің ойыннан шеттетілуі команданың тәртіпсіздігі деп бағаланып, клубқа 100 АЕК айыппұл салынды.
«Жетісу» клубы «Ордабасыға» қарсы өткен 21-тур матчында екі түрлі жаза алды: бес футболшының ескерту алуы үшін 100 АЕК, ал VAR кабинасы мен трансляция бөлмесінде ауа баптау жүйесінің жеткіліксіздігі — қайталанған бұзушылық ретінде — тағы 60 АЕК айыппұл төлейді.
10-турда «Атырау» «Ақтөбемен» кездесуде командасының уақытында алаңға шықпауы салдарынан матчтың басталуы 2 минутқа кешіктірілгені үшін ескерту алды. Ал «Ақтөбе» футболшысы Мирас Уманияздың матч алдындағы хаттамада көрсетілмей, рұқсатсыз алаңға шыққаны үшін клубқа 100 АЕК айыппұл салынды.
21-турда «Елімай» «Ертіспен» матчқа 1 минут 30 секундқа кешіккені үшін ескерту алса, «Ұлытау» «Каспиймен» ойында футболшылардың киім-жабдығында бас демеушінің логотипі болмағаны үшін 60 АЕК айыппұл алды.
Барлық ақшалай жазаны клубтар 2026 жылдың 12 қыркүйегіне дейін төлеуге тиіс.


