Әлібеков: «Ордабасы» 60 мың орындық стадион салуды жоспарлап отыр
Стадионның Шымкенттегі Қаратау ауданындағы ресми құрылысы 2024 жылдың жазында басталған. Ал белсенді жұмыс кезеңі 2026 жылдың көктемінде қолға алынды. Жоба 21 гектар аумақты алып жатыр.
Бастапқы жоба УЕФА-ның 4-санатына сай, 35 мың орынға есептелген еді. Дегенмен 2026 жылы қалалық әкімдік пен құрылыс басқармасы сыйымдылықты 55–60 мың орынға дейін арттыру мәселесін қарастырды. Мұндай ұлғайту жоспарлау шешімдерін өзгерту есебінен, сметаны қымбаттатпай жүзеге асырылады деп жоспарланған.
«Біз 60 мыңдық стадион салуды шештік. Әзірге салмаймыз, бірақ біз бір айтқан соң кері қайтпайтын халықпыз. Жігіттер: “Идея сенікі болғандықтан, 20 миллиард теңге тауып әкел”, — дейді. Яғни әкімдік бөлген қаражатты қалдырамыз да, кластерге өз ақшамызды қосымша саламыз», — деді Әлібеков.
Мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен жағдайда «Ордабасы Арена» Қазақстандағы ең үлкен стадион атанады.


