«Қайрат» «Левскиге» қарсы матчты «Түркістан Аренасына» көшірді
«Қайрат» өз матчтарын өткізетін Орталық стадион Алматы қаласының әкімдігіне тиесілі. Концерт күні клубтың үй кездесуімен тұспа-тұс келгендіктен, ұйымдастырушылар матчты басқа алаңға көшіруге мәжбүр болды.
Болгариялық «Левски» УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне босниялық «Борацты» (1:1 және 4:0) және румыниялық «Университатяны» (1:0 және 2:2) еңсергеннен кейін жолдама алды. Ал «Қайрат» бұған дейін екінші кезеңде кипрлік «Омонияны» пенальти серияснда ұтып, бірінші кезеңде черногориялық «Сутьеска» тосқауылынан өткен еді — алғашқы кездесуде «Қайрат» жеңіс голын соңғы минутта соғып (2:1), жауап матчында 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші кезеңнің алғашқы кездесулері 4–5 тамызда, жауап матчтары 11 тамызда өтеді.
Спорт функционері Бұлат Есмағамбетов бұл жағдайды клубтың меншікті стадионының жоқтығымен байланыстырды.
«Мұндай жағдайларға тап болмау үшін әр футбол клубының меншікті стадионы болуы керек. «Қайрат» қала әкімдігінің шешіміне тәуелді болмас үшін өз аренасын салуы қажет. Бұл — жүзеге асуы тиіс маңызды міндеттердің бірі», — деді ол.


