Фил Фоден «Манчестер Ситимен» жаңа келісімшартқа қол қойды
26 жастағы футболшының бұрынғы келісімшарты 2027 жылдың жазында аяқталуы керек еді. Клуб басшылығы ойыншымен келісімшарт мерзімін ұзарту туралы уағдаласты.
«Болашағымды «Сити» клубымен байланыстыру мен үшін өте маңызды. Осы клуб үшін ойнау — үнемі армандаған нәрсем, оның формасын киген сайын мен үшін мәртебе», — деді Фоден.
Ойыншы «Манчестер Сити» сапында 2017 жылдың қарашасында Чемпиондар лигасында роттердамдық «Фейенордқа» қарсы матчта дебют жасаған. Содан бері ол клуб құрамында 369 матч өткізіп, 110 гол соқты және 20 үлкен жүлдені жеңіп алды. Оның ішінде — алты Премьер-лига чемпионы атағы, бір Чемпиондар лигасы, үш Англия кубогы, бес Лига кубогы, УЕФА Суперкубогы, ФИФА клубтық әлем чемпионаты және үш Комьюнити Шилд трофейі.
«Тарихи кезеңнің бір бөлігі болғаныма, осынша титул жеңіп алғаныма қуаныштымын, бірақ біз әрдайым алға қарап, тағы да жеңістерге ұмтылып келеміз», — деді ол.
2025/26 маусымында Фоден 50 матч өткізіп, 10 гол соқты және 7 рет нәтижелі пас берді. Ойыншы клубтың жаңа бас бапкері Энцо Мареска екеуінің қайта бірге жұмыс істеуін асыға күтіп жүргенін жеткізді.
«Марескамен қайта жұмыс істеуді асыға күтемін. Ол «Требл» жеңген маусымда керемет еңбек етті, барлық ойыншы оны құрметтеді және онымен жұмыс істегенді ұнатты. Оның қайта осында болуы қуантады», — деді Фоден.
Ойыншы клубқа, штабқа, әріптестеріне және жанкүйерлерге алғыс айтып, болашақта да сенімдерін ақтауға тырысатынын білдірді.


